
«Көктемгі әрекет - күзгі берекет» демекші, күн суытқанда міндетті түрде салқын ауа- райына дайындықты бастаған дұрыс. Себебі, бұл уақытта аурулар да өрши түседі.
Мамандардың айтуынша, күз мезгілінде, көбіне, жіті респираторлық вирустық инфекция мен тұмау ауруына шалдыққан адамдар саны күрт өсетін көрінеді. Аталған ауру түрлерінен қалай сақтану керек? Оның белгілері қандай? Нақтырақ тоқталып өтсек.
Тұмау – тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы. Ол жас талғамайды. Ауруға шалдыққан адамның дене қызуы көтеріліп, бойын әлсіздік билейді. Мұрнынан су ағып, құрғақ жөтел мазалайды. Бұлшықеттер мен буындар ауырады. Кейбір жағдайларда іштің өтуі де байқалады. Бойыңыздан осы аталған белгілерді байқасаңыз, міндетті түрде дәрігер көмегіне жүгініңіз. Айта кетейік, үй жағдайында ем алуға және ауруға бей-жай қарауға болмайды. Себебі, аурудың асқынуы бактериялық ауруларға, оның ішінде бронхит, пневмония (өкпенің қабынуы), отит (құлақтың қабынуы) сияқты аурулардың өршуіне себеп болады. Вирус, негізінен, жөтеліп, түшкіргенде ауа тамшылары арқылы жұғады. Сонымен қатар гигиеналық талаптарды ұстанбаған жағдайда бір адамнан екінші адамға тарайды.
Тұмаудың алдын алу үшін иммунитетті күшейту керек. Яғни, түрлі дәрумендер қабылдап, спортпен айналысып, дұрыс және уақытылы тамақтанып, белсенді өмір салтын қалыптастыру қажет.
Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеңіз. Өз денсаулығыңызға күтіммен қарап, мейлінше түрлі аурулардан аулақ болыңыз және де сақтанған - сақ болатынын естен шығармаңыз.
Дәрігер Жаманова Зия Бериковна
#грипп #медикус